ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ
Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.
Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.
Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.
Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.
Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.
Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.
Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты.
Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халқымызға қисапсыз мол қасірет әкелді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады.
Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап, күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған.
Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, ер-азаматының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек.
Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан.
Соғыстан соңғы кезеңдегі тың игеру, металл қорыту, болат балқыту – халық шаруашылығын қалпына келтірудің дәл ортасында жүрдік. Социализмнің артықшылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдықтың нәтижесі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ.
XX ғасыр басында алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Патшалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша, Дала өлкесінде, Түркістан өлкесіндегі қазақтарды қоспағанда, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Демек, Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жарты ғасырдай уақыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақстандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, республика халқының небәрі 30 пайызын ғана құраған.
Мен 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді.
Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан.
Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын.
Біз, Абай атамыз айтқандай, «ақырын жүріп, анық бастық». Соның арқасында көп салалар мен бағыттар бойынша өзгелерден озып кеттік. Енді осының мән-жайына тереңірек тоқталып, бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректі халықтың назарына ұсынғым келеді.
Кеңес Одағы сынды алып империя өткен ғасырдың 70-жылдары тарихшылар қауымы «тоқырау» деп айдар таққан күрделі кезеңге аяқ басты. Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді.
Тоқырау кезінде ел экономикасында орын алған мүшкіл халді Қарағанды облыстық партия комитетінде басшылық қызмет атқарған 70-жылдардың соңында айқын аңғара бастадым. Ал мен Қазақ КСР Үкіметінің басшылығына тағайындалған 80-жылдары жағдай тіпті асқынып тұрған болатын.
М.С.Горбачевтың «қайта құруы» тоқырауға белшесінен батқан қоғамға серпіліс әкеле алмады, керісінше көпсөзділікке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілді. Экономикалық базис жасалмай, асығыс басталған «бетбұрыс» жылдар бойы қордаланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне жеткізді.
КСРО-да болған алғашқы демократиялық сайлаудың нәтижесінде іріктелген халық депутаттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өтті. Бұл кезде мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасы болатынмын. Алып одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайды ашық айтуға тура келді.
Кремльдің Съездер сарайының трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екем: «...Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ.
Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды».
Әрине, екі күннің бірінде «қайта құру», «бетбұрыс», тіпті «жеделдету» деп ұрандатып жатқан М.Горбачевқа «он екінші бесжылдық тоқыраудың ең нашар дәстүрі негізінде жасалды» деген сөз ұнай қойған жоқ. Тіпті регламентпен шектегісі келгендей сыңай танытты. Бірақ залдың дүркірете қол соққаны оның мені тоқтатуына мүмкіндік бермеді.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей, енді тартынып қалуға болмайтынын сезгендіктен, Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайды да айтуға тура келді: «Ведомстволық өктемдік әлемдік нарықта зор сұранысқа ие шикізат ресурсына бай республикамыздың өз әлеуметтік дамуында ауыр хәлге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне әкеп соқтырды. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілдің кебін киген министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөктіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі полигон үшін малшылар өрістерінен айырылды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ».
Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен. Бірақ ел мүддесі, халық тағдыры талқыға түскен мұндай сәттерде аянып қалуға болмайтын еді.
Одақтың кетеуі кетіп, іргесі сөгіле бастаған кейінгі екі жыл ішінде қалыптасқан нақты жағдай тіпті ушығып кетті.
Кейін зерттеушілер «егемендік шеруі» деп айдар таққан үдеріске 1989 жылы алдымен Балтық елдері кірісіп, Кавказ елдерінде жалғасты да, артынан бүкіл Кеңес Одағын қамтыды. 1990 жылдың аяғына дейін Одақ құрамындағы 15 республика түгелдей өз егемендігін жариялап үлгергенімен, Эстония, Литва және Латвия елдерінен басқа 12 республика әлі Одақ құрамында болатын.